Skip to content

БАС МҮФТИ «QAZAQSTAN» ҰЛТТЫҚ ТЕЛЕАРНАСЫНА РАМАЗАН АЙЫНА ҚАТЫСТЫ СҰХБАТ БЕРДІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Бас тақырып» бағдарламасына арнайы сұхбат берді.

Сұхбат барысында Бас мүфти қазақ елін жақындап келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтап, оның рухани маңызы мен қоғам өміріндегі орнына кеңінен тоқталды.

«Рамазан – мұсылман қауымы үшін мейірім мен кешірімге толы, рухани тазару айы. Халқымыз да Рамазан айын ерекше ілтипатпен қарсы алып, бір-біріне ізгі тілегін білдірген. Балалар жарапазан айтып, елге рухани шаттық сыйлаған», – деді.

Сонымен қатар, Бас мүфти қасиетті айдың тарихи һәм рухани маңызына тоқталып:
«Рамазан – адамзатты ақиқат жолына бастаған Қасиетті Құран аяттары түсе бастаған ай. Бұл мезгіл – сабыр мен шүкірдің, жан тазалығы мен жүрек тәрбиесінің кезеңі. Ораза ұстау арқылы пенде нәпсісін тыяды, мұқтажға қол ұшын созады, ізгі амалдарға ұмтылады. Рамазан – қоғамда мейірім мен бірлікті нығайтатын ерекше мүмкіндік. Алла Тағала ұстаған оразамызды қабыл етіп, жасаған дұға-тілектерімізді қабыл қылғай. Елімізге тыныштық, жұртымызға амандық берсін. Келесі Рамазанға да аман-есен жетуді нәсіп етсін», – деді Бас мүфти.