
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Павлодар облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде жұма уағызын айтты.
«Қоршаған орта да – аманат» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти: «Қазақ халқы: «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «Батыр – ел байлығы, табиғат – жер байлығы», – деп табиғатты байлық деп танып, өз ұрпағын оны аялауға шақырған.
Мұсылман жан адамдарға мейірімділік танытуымен қатар қоршаған ортаға, жан-жануарларға, табиғатқа да мейірімділік танытуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзара мейірімді болмайынша толық иман келтірген болып саналмайсыңдар», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Баршамыз мейірімді жанбыз», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің айтып тұрғаным, сендердің түсінгендерің секілді бір-біріңе деген мейірімділік емес. Керісінше күллі жаратылысты қамтитын мейірімділік», – деп айтқан» деді.
Жұма уағызынан кейін ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мешіт жамағатымен бірге дұға жасап, Алла Тағаладан ел мен жердің амандығын, әлемнің тыныштығын тіледі.