Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстанның халық әртісі, сахна мен экран өнерінің саңлағы, ұлттық мәдениеттің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімовтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның отбасы мен жақын туыстарына, барша қазақ халқына қайғырып көңіл айтамын. Асанәлі Әшімов саналы ғұмырын ұлттық өнердің өркендеуіне арнаған дара тұлға болды. Ол сахна мен экранда сомдаған терең бейнелері арқылы халқымыздың рухани әлемін байытып, ұлттық болмыстың асыл құндылықтарын ұрпақ санасына сіңіре білді. Өнегелі ғұмыры мен өнердегі ізі ел жадында мәңгі сақталады.
Алла Тағала марқұмды Өзінің мейіріміне бөлесін. Артында қалған ұрпағы мен жақындарына сабыр бергей. Жаратушы Иеміз ағамыздың дүниеде жасаған ізгі амалдарына мол сауаптан жазғай. Әмин», – делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.