Skip to content

БАС МҮФТИ ИНСТИТУТ ШӘКІРТТЕРІНЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ

Бүгін Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы «Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтының  шәкірттеріне арнайы дәріс оқыды. 

«Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» тақырыбында дәріс оқыған Бас мүфти  Әбу Сағид әл-Хараз (Алла оны рақымына алсын): «Тәуекел – атқаратын істе Аллаға сену, Оған арқа сүйеу, үміттену және Оны еске алып, жүректің тынышталуы. Сонымен қатар дүние істерінде, ризық-несібеде және жүзеге асуы Аллаға тиесілі болған барлық іске қатысты қайғы-мұңнан жүректі арылту», – деген түсініктің мән-мағанасын ашып береді. Сондай-ақ, тәуекел дегеніміз – себептерін жасаған соң барлық істі Аллаға тапсырып, кез келген жағдайда Аллаға ғана арқа сүйеу деп  кеңінен түсіндірді.   

«Тәуекел ету – тіршілік етудің басты негізі. Алла Тағаланың қамқорлығын сезіне отырып, «тәуекел» деп білек сыбана әрекет ету – батылдықтың, қажырлылықтың нышаны, баянды бақыттың бастауы, жетістіктің алғышарты. «Тәуекелсіз іс бітпейді, тәуекел етпеген арықтан да өтпейді» дегендей, әрбір істі бастау үшін тәуекел керек. 

Алла Тағала қасиетті Құранда:  «…Егер бір іске бекінсең, Аллаға тәуекел ет. Ақиқатында Алла тәуекел еткендерді жақсы көреді» – деген («Әли Имран» сүресі, 159-аят).

Тәуекел сөзі қазақ тіліне Құран тілінің «тәуәккул», яғни «уәкіл ету, бар ісін тапсыру» деген мағынаға саятын асыл сөзінен енген. Жаратушыны «Мудаббир» яғни, он сегіз мың ғаламды үздіксіз басқарып тұрушы деп таныған адам тәуекелдің мәнін ұғады» деп атап өтті ҚМДБ Төрағасы.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *