Skip to content

БАС МҮФТИ «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітте «Мұсылманның мұраты – көркем мінез» тақырыбында жұма уағызын айтты.

«Қасиетті Құран әлемдердің Жаратушысы Алла Тағаланың кәләмі, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне берілген ұлы мұғжиза. Әрбір мұсылман адам қасиетті Құранды қасиетті тұтып, құрметтеуі қажет. Алла Тағала құран аятында: «Шын мәнінде ол (Кәрим) ардақты Құран» , – деп айтқан.

Аяттағы «Кәрим» сөзі: құрметті, ардақты, жомарт деген мағыналаны білдіреді. Құран ардақты кітап болғандықтан, оны құрметтей білген адам да екі дүниеде ардақты, құрметті болады.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мен одан кейінгі келген ізгі жандардың қасиетті Құранға деген құрметі ерекше болатын.

Хазіреті Омар мен хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) күнде таңертең тұрған кезде Құран кітабын сүюді әдетке айналдырған екен. Абдулла ибн Омардың да осылай істегені турасында риуаяттар бар. Икрима Құран кітапты алып, бетіне, көзіне тигізіп, жылап: «Бұл Раббымның сөзі, бұл Раббымның кітабы», – деген екен (имам Хаким).

Қазақ халқы да қасиетті Құранды құрметтей білген. Асыл дінімізге тыйым салынған кездердің өзінде де, ақ матаға орап, құрметтеп, ешкімге қол тигіздіртпей, сандығының түбінде сақтап отырған. Абай атамыз:
Алла мінсіз әуелден, Пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ, – деп Құранның Алла сөз екенін, оның мағынасының тереңдігін айтқан»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.