Skip to content

 Әртүрлі сенім – ортақ құндылықтар

Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемде түрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері қатар өмір сүруде. Осындай алуан түрлілік жағдайында діни конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністік қоғам тұрақтылығының негізгі кепілі болып табылады. Дінаралық татулық – тек рухани құндылық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік келісім мен дамудың маңызды шарты. Діндер адамды ізгілікке, мейірімге және жауапкершілікке тәрбиелейді. Мысалы, кез келген сенім жүйесінде адам өмірі ең жоғары құндылық ретінде қарастырылады. Зорлық-зомбылыққа қарсы болу, әлсізге қолдау көрсету, ата-анаға құрмет білдіру секілді ұстанымдар барлық діндерге тән. Бұл – әртүрлі сенім өкілдерін біріктіретін рухани негіз.

Әртүрлі діни көзқарастардың қатар өмір сүруі қоғам үшін қауіп емес, керісінше, рухани байлық көзі бола алады. Егер адамдар өз сенімін өзгеден жоғары қоймай, өзара құрмет пен түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнатса, діни алуандылық татулықтың тірегіне айналады. Мұндай ортада сенім айырмашылығы бөлінудің емес, өзара танудың жолы болады.

Дінаралық келісім әсіресе жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Жас ұрпақ түрлі сенімдер туралы дұрыс әрі бейтарап ақпарат алып өскен жағдайда, оларда төзімділік пен ашық ойлау қабілеті қалыптасады. Бұл радикалды көзқарастардың алдын алып, саналы әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Сонымен қатар, ортақ құндылықтарға негізделген диалог қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады. Діни ұйымдар мен конфессия өкілдері бейбітшілік, әділеттілік, адалдық сияқты ортақ мақсаттар жолында бірлесе әрекет еткенде, қоғамда сенім мен ынтымақтастық артады. Бұл мемлекет дамуының да маңызды факторы болып табылады.

Қорытындылай келе, әртүрлі сенімдер арасындағы айырмашылықтарға емес, оларды біріктіретін ортақ құндылықтарға назар аудару – заманауи қоғамның басты міндеттерінің бірі. Өзара құрмет пен түсіністікке негізделген көзқарас қана бейбіт, тұрақты әрі үйлесімді болашаққа жол ашады. Әртүрлі сенім – бұл бөлінудің емес, адамзатты жақындастыратын ортақ рухани байлық.

Бекеулов Серік

«Оңалту жұмыстары және діни

психологиялық қолдау» бөлімінің

теолог маманы