
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Алматыға жасаған сапары аясында «Нұр Мүбарак» мешітінде қасиетті Рамазан айы қарсаңында «Құранмен қауыштырған Рамазан» атты рухани кешке қатысты. Аталмыш шарада алматылық 200-ге жуық қари басқосты.
«Аллаға шүкір, бүгінде елімізде Құранға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Бұл – халқымыздың иман нұрының күшейгенінің белгісі. ҚМДБ-ға қарасты 12 Құран жаттау орталығында қазіргі таңда 850 шәкірт Құран Кәрімді жаттауда. Өткен 2025 жылы 59 қари Құранды толық жаттап, ел игілігіне қызмет етуге қадам басты.
Сонымен қатар, 31 қари Астана және Алматы қалаларындағы «Ижаза беру» орталықтарында білім алып, бірнеше қырағаттар бойынша арнайы ижазаға ие болды. Бұл – қазақ жерінде Құран ілімінің тереңдеп келе жатқанын көрсетеді.
Біз орталықтарға Құран Кәрімді үйретіп, ижаза беретін шетелдік білімді де білікті ұстаздарды арнайы шақырдық. Алла қаласа, биыл қыркүйек айында Түркістан қаласында да «Ижаза беру» орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл – рухани астанамызда Құран ілімінің жаңа бір белесі болмақ », — деді Бас мүфти.
Аталған шарада қарилар Серік Ахметов, Бақытжан Ақжолтай, Жұбанов Әбілхайыр құранның соңғы сүрелерін оқып, 100 құран хатымның батасын Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жасады.
Бұл ерекше рухани басқосу Рамазанның берекесін арттырып, жүректерге иман нұрын сыйлаған тағылымды жиын болды.
