
Алматы облысы, Алатау қаласында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы жергілікті диқандармен кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – егін өнімінен берілетін ұшыр зекетінің мәнін түсіндіріп, қайырымдылыққа үндеу болды.
Кездесу барысында диқандар жиналған өнімдерінің бір бөлігін мұқтаж жандарға арнады. Нәтижесінде 1,74 тоннаға жуық жеміс-жидек пен көкөніс жиналды. Атап айтқанда: картоп – 600 кг, сәбіз – 180 кг, пияз – 150 кг, алма – 80 кг, асқабақ – 180 кг, қырыққабат – 120 кг, қызанақ – 80 кг, бұрыш – 100 кг, қарбыз – 150 кг, қауын – 100 кг.
Жиналған барлық өнім Алматы облысындағы Үшқоңыр медресе-колледжіне табыс етіліп, студенттердің асханасына пайдалануға берілді.
Бұл игі іс ұшыр зекетінің рухани мәнін насихаттап қана қоймай, қоғамдағы өзара қамқорлық пен бірлікті арттыруға үлес қосты.
