
«Ислам және адал қоғам» жылы аясында Алматы облысы имамдарының көшпелі жиналысы ұйымдастырылып, оның жалғасы ретінде облыстың Бас имамы Мадияр Тағайбайұлының Алатау қаласына арнайы сапары өтті.
Сапар барысында бекітілген төрт негізгі бағыт — оқу-ағарту, уағыз-насихат, дәстүр және отбасы, сондай-ақ діни оңалту жұмыстары кеңінен талқыланып, олардың маңыздылығы айқындалды.
Іссапар аясында бас имам «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінде қала дін қызметкерлерімен кездесіп, діни қызметтің жауапкершілігі, халықпен тиімді байланыс орнату және рухани-ағартушылық жұмысты жүйелі жүргізу мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар діни қызмет сапасын арттырудың маңызы ерекше атап өтілді.
Жиын барысында Қапшағай орталық мешітінің наиб имамы Мейрамбек Ақылбекұлы ҚМДБ бекіткен концептуалды құжаттарды таныстырып, олардың діни қызметтегі рөлін жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ бас имам Алатау қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, «Аталар мектебі» мүшелеріне «Отбасындағы адалдық пен жауапкершілік» тақырыбында семинар өткізді. Онда отбасы институтын нығайту, ұлттық тәрбие және жауапкершілік мәселелері кеңінен қозғалды.
Бұдан бөлек, білім беру мекемесінде «Қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылып, қыз баланың тәрбиесі, әдебі мен қоғамдағы орны туралы мазмұнды түсіндірме берілді.
Әлеуметтік бағыттағы жұмыстар аясында «Қожа Ахмет Ясауи» мешітінде «Тайқазан» қайырымдылық шарасы өткізіліп, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері үлестірілді.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шеңберінде мешіт аумағында тазалық және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.

