Skip to content

Алматы облысы: «Имани жаз – 2025» жазғы курсы қорытындыланды

Алматы облысы бойынша маусым айында ұйымдастырылған «Имани жаз – 2025» жазғы діни сауат ашу курсы табысты аяқталды. Жалпы 3821 бала қатысып, діни білім алды. Оның ішінде 2462-сі ұл бала, 1359-ы қыз бала.

Оқу барысында шәкірттерге «Имандылық әліппесі» мен «Құран әліппесі» оқу құралдары бойынша сабақ жүргізілді. Сонымен қатар, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған тәрбиелік және танымдық шаралар ұйымдастырылды. Олар білім сайыстарына қатысып, мұражайларға, ойын-сауық орындарына саяхат жасап, пайдалы әрі мағыналы жаз өткізді.

Курс қорытындысы ретінде Алматы облыстық Қапшағай мешітінде салтанатты шара өтті. «Имани жаз – 2025» курсын аяқтаған шәкірттерге сертификат табысталды. Іс-шараға арнайы қатысқан облыстың бас имамы Мадияр Тағайбайұлы шәкірттерге сәттілік тілеп, дәріс берген Үшқоңыр медресе-колледжінің 3-курс студенттеріне алғыс хат тапсырды.

Бас имам болашақ ұстаздарға ризашылығын білдіріп, олардың белсенділігі мен ынтасын жоғары бағалады. Сонымен қатар, шамамен 40 шақты шәкірт демеушілердің қолдауымен мешіт асханасына арнайы дастарқанға шақырылып, құрмет көрсетілді.

«Имани жаз – 2025» – жас ұрпаққа имандылық пен рухани тәрбие беруге бағытталған маңызды жоба ретінде өз жалғасын таба бермек.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *