Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жәпек батыр ауылдық «Маметалы» мешітінің ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында «Әкеме мың алғыс» атты рухани кеш өтті.
Іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталып, Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы әке мәртебесі жайлы уағыз-насихатын айтты.
Жиналған әкелер мен балаларына сұрақ-жауап ойнатылды, әкенің кадір-қасиеті жайында қысқа метражды фильм көрсетілді. Әкелерді ортаға шығарып, балалары асқар тауларына жүрегіндегі сезімдерін білдіріп, құшақтап, кешірім сұрап, әсерлі көрініс орын алды. Әкелер «батыр әке», «еңбекқор әке», «балам қари болсын деген әке», «жомарт әке», «қари баланың әкесі», «мешітке жанашыр әке», «білімдар әке», «кәсіпкер әке», «жанашыр әке», «мешітке жүрегі байланған әке», «білімді ұлдың әкесі», «көркем мінезді әке», «құран жаттаған қари әке», «ұстаз әке» сынды номинациялар бойынша марапатталды, оған қоса алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.
Шара соңында көпшілік үшін ақ дастарқан жайылып, әкелерден осы шараның жалғасын жасау туралы үлкен ұсыныс болды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ризашылығын білдірді.