
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған «Ұлт көсемі және дала жыршысы» атты рухани-интеллектуалды кеш ұйымдастырылды.
Тағылымды шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жастар ісі» секторы мен «Зейін» оқырмандары клубының бастамасымен өтті. Кештің басты мақсаты – жастар арасында рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлт тарихындағы ірі тұлғалардың мұрасын кеңінен насихаттау.
Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушыларға асыл дінімізге қатысты білімдері, Алаш зиялыларының өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ аралас бағыттағы сұрақтар қойылды. Тартысты өткен бәсеке жастардың таным көкжиегі мен зияткерлік деңгейін айқындай түсті.
Сайыс қорытындысы бойынша:
«Зейіні бар» тобы – І орын (50 000 теңге),
«Бүйтү керек ед» тобы – ІІ орын (30 000 теңге),
«Мұра» тобы – ІІІ орын (20 000 теңге) иеленді.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы мен қазақ және шетел әдебиеттерінен кітаптар сыйға берілді.
Интеллектуалдық сайыстан кейін ҚМДБ атынан барлық қатысушыларға ауызашар берілді. Кеш соңында жиналған жастар өздерінің ізгі тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.
Тағылымы мол бұл рухани кеш қатысушылардың жүрегінде ұлттық сана мен рухани жауапкершілікті нығайта түскен мазмұнды шара болды.
