Ислам діні әрбір адамның басқа адамдар алдындағы жауапкершілігін ерекше дәріптейді. Қоғамнан оқшауланып өмір сүру — ислам іліміне қайшы. Себебі мұсылман тіршілігінің бір бөлігі — айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнату.
Исламда көрші ақысына мән беру, туыстық байланысты үзбеу (силаи раҳм), ауру адамдарды зиярат ету, жаназа намаздары мен жерлеу рәсімдеріне қатысу секілді амалдар — қоғамның белсенді мүшесі болуды талап ететін құндылықтар. Бұл – әрбір мұсылманның міндеті әрі адамдық парызы.
Береке – бірлікте. Ислам тарки дүниелікке, яғни дүниеден толық бас тартуға шақырмайды. Керісінше, өмірдің барлық саласына белсенді араласуды, қоғам ісіне үлес қосуды талап етеді.
Мұсылмандардың күші – олардың бірлігінде, өзара бауырмалдығында және ортақ өмір сүру мәдениетінде.
Әрбір мұсылман өзін қоғамның ажырамас бір бөлшегі ретінде сезініп, оның дамуы мен өркендеуі үшін қолынан келгенше еңбек етуі керек. Бұл тек жеке міндет қана емес, бүкіл үмбеттің ортақ жауапкершілігі.
Жақсылыққа шақыру – ортақ міндет.
Мұсылман адамның жай ғана сырттан бақылаушы болып тұруына хақысы жоқ. Ол қоғамдағы жақсылықты қолдап, жамандыққа қарсы тұруға міндетті. Бұл — жақсылыққа үндеу және жамандықтан тыю деп аталады.
Адам өзін қоғамнан алшақтатып, жеке өмірге бас бұрып кетсе, бұл маңызды діни міндетті толық орындай алмайды. Себебі қоғамды түзету, адамдарды дұрыс жолға бағыттау — олардың ішінде, ортасында жүріп қана жүзеге асады.
Шамуратов Алихан,
«Оңалту жұмыстары және
діни психологиялық қолдау»
бөлімінің теологы