
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамда әділдік пен адалдық құндылықтарын нығайтуға бағытталған «Адал қоғам» тұжырымдамасын қабылдайды.
Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.
«Қазір қоғамда рухани-адамгершілік құндылықтардың әлсіреуі, алаяқтық әрекеттердің түрлі бағытта күшейіп кетуі, отбасы институтындағы дағдарыс, оның ішінде ажырасу, бала тәрбиесі, жас буын өкілдері арасындағы құндылықтардың өзгеруі, пайдакүнемдік, діни көзқарастардың басқа арнаға ауысуы, әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, жалған ақпарат тарату сынды мәселелер өзекті болуда.
Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы мен «Ислам және адал қоғам» жылы аясында «Отанға адалдық және мемлекеттік рәміздерге құрмет» тақырыбында республикалық форум өткізу керек. Форумда «Адал қоғам» тұжырымдамасын қабылдау аса маңызды деп санаймын»,- деді Бас мүфти.
Құжатта адал қоғам құрудың алғышарттары, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, адалдық, әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді ізгі қасиеттерді қоғамда кеңінен орнықтыруға бағытталған нақты міндеттер қамтылатын болады.
