Skip to content

«Ислам мемлекетінің Хорасан провинциясы»: Пайда болуы, дамуы және аймаққа қаупі

Ислам мемлекетінің Хорасан провинциясы» (Islamic State Khorasan Province — ISKP) немесе «Вилаят Хорасан» — Ауғанстан мен Пәкістан аумағында әрекет ететін ең қауіпті экстремистік топтардың бірі. Ол 2014–2015 жылдары Сирия мен Ирактағы «Ислам мемлекетінің» ықпалы күшейген кезде пайда болды. Құрамына Пәкістан Талибанының бұрынғы мүшелері мен түрлі қарулы жасақ содырлары кірді.

Бұл ұйым радикалды салафизм мен жаһандық жиһад идеологиясын ұстанады. Негізгі мақсаты — өз түсінігіндегі ислам халифатын құру. Талибаннан басты айырмашылығы — халықаралық террорлық әрекеттерге көбірек назар аударуы.

2015–2016 жылдары содырлар Ауғанстанның шығыс аймақтарында күшейіп, бірнеше ірі шабуыл ұйымдастырды. Кейін АҚШ әскері, Ауғанстан билігі және Талибан жүргізген операциялардан кейін олардың ықпалы әлсіреді.

Алайда 2021 жылы АҚШ әскері Ауғанстаннан шыққан соң топ қайта белсенді бола бастады. Сол жылы Кабул әуежайы маңындағы шабуылдан жүздеген адам қаза тапты. Бұл оқиға «Вилаят Хорасанның» халықаралық деңгейде әлі де үлкен қауіп төндіретінін көрсетті.    

Қазір бұл экстремистік ұйым Ауғанстан, Пәкістан және Орталық Азия елдеріне қауіп төндіріп отыр. Олар интернет пен әлеуметтік желілер арқылы үгіт жүргізіп, шетелден жақтастар тартуға тырысады.

Жалпы, «Вилаят Хорасан» аймақтағы тұрақсыздықты пайдаланып отырған радикалды құрылым саналады. Әскери қысымға қарамастан, оның қаупі әлі толық жойылған жоқ.

 

Жұмаділлә Бексұлтан,
Интернет кеңістігінде діни
экстремизмнің алдын алуды
үйлестіру және мониторинг
бөлімінің басшысы