Skip to content

АБАЙ АУДАНЫНДА ШӘКІРТТЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлық баяндамасы аясында Шымкент қаласы Абай аудандық Кенесары хан мешітінде ұстазымыз Айнұр Қуанова ұйымдастыруымен “Жүрегімнің тәжі — Құран” атты ерекше тәж кию рәсімі өтті.
Іс-шараның шымылдығын небәрі бес жасар шәкіртіміз Құтбайқызы Сафия ашып, “Бәләд” сүресін мәнерлеп оқыды. Кішкентай жүректен шыққан Құран үні кешке ерекше рухани әсер сыйлады.
Қысқа ғана уақыт ішінде төрт шәкіртіміз Құран әліпбиін толық меңгеріп, тәжуид қағидаларын үйреніп, Алланың кәләмін оқуға қадам басты. Ынтасы мен ықыласы жоғары шәкірттеріміздің бұл жетістігі — үлкен еңбектің нәтижесі деп білеміз.
Шара барысында отызға жуық шәкірттің қатысуымен қызықты ойындар ұйымдастырылып, Құран іліміне қатысты сұрақ-жауаптар өткізілді. Белсенді қатысқан шәкірттерге арнайы сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.
Кеш соңында ақ дастархан жайылып, арнайы қонақ ретінде шақырылған “Насруддин” мешіті ұстазы Қаламбек Альмира Имам Ғазалидің “Жүрек сырлары” кітабынан Алладан қорқу (тақуа) тақырыбын тереңінен түсіндіріп, әсерлі насихат айтты.
Осындай рухани кештер шәкірттердің жүрегіне Құранға деген сүйіспеншілікті ұялатып, имандылыққа бастайтыны сөзсіз.

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша баспасөз қызметі