Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының өкілдігінің ұйымдастыруымен “Ислам және адал қоғам” жылы аясында тағылымды семинар өтті. Аталған шараға Шымкент қаласынан “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі, ұстаз Асылханқызы Балжан арнайы шақырылды.
Семинар Жезқазған қаласына қарасты Жәйрем кентіндегі Жәйрем мешітінде “Ислам және ұлттық дәстүр – адал қоғамның қос тірегі” тақырыбында ұйымдастырылды. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, жамағат тарапынан жылы қабылданды. Қонақ ұстаздардың ықыласы мен тағылымды насихаты көпшілік жүрегінен орын алды.
Семинардың ашылу рәсімін Жәйрем мешітінің ұстазы Жайлаубаева Ақнұр жүргізіп, алғашқы сөз кезегін берді. Одан кейін Ұлытау облысы бойынша “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі Лазем Райхан ұстаз қатысушыларға ізгі тілегін жеткізіп, қоғамдағы әйелдердің рухани тәрбиесі жайында маңызды ойларымен бөлісті.
Шара барысында Асылханқызы Балжан ұстаз кең көлемде насихат айтып, ислам құндылықтары мен ұлттық дәстүрдің өзара үндестігін, олардың адал қоғам қалыптастырудағы маңызын терең түсіндірді.
Семинар аясында рухани кештің көркін аша түскен илаһи әндер орындалып, қазақтың төл өнері – домбыра күйлері шырқалды.
Жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, мұндай игі шаралардың жалғасын табуына тілектестік танытты.







