Ұлытау облысы, Жезқазған қаласының өкілдігінің ұйымдастыруымен “Ислам және адал қоғам” жылы аясында мазмұнды семинар өтті. Аталған шараға Шымкент қаласынан “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі, ұстаз Асылханқызы Балжан арнайы шақырылды.
Семинар Жезқазған қаласы Ұлытау қайырымдылық медресесінде “Иман – жүректің нұры, өмірдің тірегі” тақырыбында ұйымдастырылды. Тағылымы мол кездесуде қатысушыларға рухани әсер сыйлаған мазмұнды насихаттар айтылып, жиын жоғары деңгейде өтті. Қонақтарды медресе ұстаздары ерекше ықыласпен қарсы алып, жылы атмосфера қалыптастырып, көпшіліктің жүрегінен орын алды.
Іс-шараны Ұлытау облысы бойынша “Әйел-қыздар” секторының жетекшісі Лазем Райхан ашып, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Жез медресесінің ұстазы Есімбек Хадиша ұстаз сөз сөйлеп, имандылық пен тәрбиенің маңызына тоқталды.
Кездесу барысында Асылханқызы Балжан ұстаз “Иман – жүректің нұры, өмірдің тірегі” тақырыбын кеңінен тарқатып, ислам құндылықтарының адам өміріндегі орны мен маңызын терең түсіндірді.
Семинардан кейін кешкі рухани отырыс жалғасып, жамағат тарапынан қойылған түрлі сауалдарға ұстаздар тұшымды жауаптар берді. Еркін форматтағы бұл сұхбат қатысушылардың діни сауатын арттырып, көкейдегі сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік сыйлады.
Жиын соңында қатысушылар ұйымдастырушылар мен ұстаздарға алғыс білдіріп, мұндай игі шаралардың жалғасын табуына тілектестік танытты.




