2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмалары мен ведомствоаралық кеңестің шешімдерін іске асыру аясында Шымкент қаласында экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. Қазіргі геосаяси жағдайда радикалды идеологиялардың таралу қаупі күшейіп отырғандықтан, мұндай алдын алу шараларының өзектілігі бұрынғыдан да арта түсті. Есепті кезеңде қала аумағында толеранттылықты қалыптастыру, конфессияаралық келісімді нығайту, зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және патриоттық тәрбиені күшейту бағытында 945 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Бұл жұмыстарға жалпы 66 203 адам қатысып, қоғамның әртүрлі санаттарын қамтуға мүмкіндік берді.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасында 166 іс-шара өтіп, 15 088 жасөспірім қамтылды. Жастар арасында 30 кездесу ұйымдастырылып, 2 443 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әйелдер қауымы (81 іс-шара, 14 265 адам), әлеуметтік осал топтар (54 іс-шара, 1 622 адам), жұмыссыздар (64 іс-шара, 1 593 адам), өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (82 іс-шара, 3 450 адам) да назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, әскери бөлім қызметкерлері (6 374 адам), мәдениет саласының өкілдері (6 836 адам), этникалық топтар (7 381 адам) сияқты маңызды аудиториялармен мақсатты жұмыстар жүргізілді. Ерекше назар деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшырау қаупі жоғары топтарға аударылды. Дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылардың жақындарымен, пробация қызметіндегі азаматтармен және олардың туыстарымен, еңбек мигранттары мен қандастар арасында да жүйелі түсіндіру кездесулері өткізілді. Жалпы, мақсатты топтар арасында 472 іс-шара ұйымдастырылып, 17 241 адам қамтылды. Бұл – алдын алу жұмыстарының нақты әрі бағытталған түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризмнің идеологиялық күресі көбіне интернет кеңістігінде жүріп жатқанын ескерсек, ақпараттық қарсы насихат жұмыстарының маңызы айрықша. Осыған орай, 2026 жылға арналған медиа жоспар шеңберінде І тоқсанда әлеуметтік желілерде 1012 діни-танымдық материал жарияланды. Haqjoly.kz порталында 140 жаңалық, 38 мақала және 20 бейнеролик жарық көрсе, «Facebook», «Instagram», «TikTok», «Telegram» және «YouTube» платформаларында жүздеген жазба мен бейнематериал кең аудиторияға ұсынылды.
Интернет кеңістігінде теріс идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында арнайы құрылған пул мүшелері де белсенділік танытып, 24 материал (20 бейнеролик, 4 мақала) әзірледі. Бұл контенттер жастар мен интернет қолданушылары арасында дұрыс діни түсінікті қалыптастыруға бағытталды.
Сонымен қатар, Орталық жанынан құрылған студияда теолог мамандардың қатысуымен 78 сұхбат ұйымдастырылып, қоғамда туындап отырған өзекті діни мәселелерге кәсіби әрі ғылыми тұрғыда жауап берілді. Мұндай форматтағы жұмыстар халықтың діни сауаттылығын арттырып қана қоймай, жалған ақпарат пен радикалды көзқарастарға қарсы тиімді құралға айналуда.
Жалпы алғанда, жүргізілген іс-шаралар экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында кешенді әрі жүйелі тәсілдің қалыптасқанын көрсетеді. Қоғамда тұрақтылықты сақтау, жастарды теріс идеологиялардан қорғау және азаматтардың сыни ойлау қабілетін дамыту – алдағы кезеңдегі басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
ЖҰМАДІЛЛӘ Бексұлтан, Шымкент қаласының дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ
бөлім басшысы