Skip to content

ҚМДБ: «ДІН МЕН ДӘСТҮР» БАҒЫТЫНДАҒЫ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Төралқа мәжілісінде «Рамазан анықтамалығы – 2026» жоспары бекітіліп, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді. Осыған сәйкес, Рамазан айы мен Ораза айт кезеңінде «Дін мен дәстүр» бағыты бойынша бірқатар жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылды.

Есепті кезеңде мешіттердің санитарлық және техникалық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілді. Атап айтқанда, мешіттер мен дәретханалардың тазалығы, электр желілері, жылыту жүйелері, өрт қауіпсіздігі құралдары, сондай-ақ дыбыс күшейткіш құрылғылардың жұмысы тексерілді. Анықталған кемшіліктер жедел түрде қалпына келтіріліп отырды. Сонымен қатар мешіттердегі қауіпсіздік шаралары мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда болды.

Жамағаттың тарауық намазынан кейін үйлеріне қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар бағыттар бойынша тегін қоғамдық көлік қатынауы ұйымдастырылды. Мешіттерде құптан намазынан кейін белгіленген уақыт тәртібі сақталып, құлшылық рәсімдері жүйелі түрде өткізілді.

Мешіт жанындағы ауызашар дастархандарының халал стандарттары мен санитарлық талаптарға сәйкестігі қатаң бақылауға алынып, тағам өнімдерінде «ҚМДБ Халал» белгісінің болуы міндеттелді. Азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды.

«Дін мен дәстүр» бағыты аясында рухани-мәдени іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. «Рамазан нұр шашқан ай» жобасы бойынша мешіттер безендіріліп, ақпараттық-насихат жұмыстары күшейтілді. «Қош келдің, Рамазан» жарапазан дәстүрі мен «Көршіңе қуаныш сыйла!» бастамасы жүзеге асырылды.

Мешіттерде «Бас имам сағаты» форматында ашық кездесулер өткізіліп, жамағаттың діни сауалдарына жауап берілді. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында «Дін мен дәуір» фотокөрмелері ұйымдастырылды. Әйел жамағаты мен жастарға арналған діни-танымдық дәрістер мен кездесулер өткізілді.

Жалпы, ҚМДБ ұйымдастыруымен Рамазан айында 1 802 789 адамға ауызашар берілді. Республика бойынша 1 258 мешітте күнделікті ауызашар дастархандары ұйымдастырылып, оған әлеуметтік осал топтар кеңінен қамтылды. Сондай-ақ шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттерге де ауызашар берілді.

Ораза айт мейрамы еліміздің барлық мешіттерінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлер мен қайырымдылық шаралары қатар өткізілді. Қарттар үйлері, балалар үйлері және медициналық мекемелерге арнайы барып, сый-сияпаттар табысталды.

Жалпы алғанда, атқарылған іс-шаралар қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға, ұлттық дәстүрді дәріптеуге және жамағат бірлігін арттыруға бағытталды.