
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан қаласындағы «Түркістан-Ахмет Яссауи» орталық мешітінде жұма намазын жүргізді.
«Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресі,13-аятында: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар еттік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан.
Мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері, мәдениеті бар. Біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы ұлттық ерекшелікті сақтап, дәстүрін құрметтей келе, дінін де қастерлеп ұстана білді.
Осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келген»,- деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.
