
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Қадір түні елордадағы Республикалық Бас мешітте жамағатпен жүздесіп, Құран хатым дұғасын жасады.
Бас мүфти жамағатты мың айдан да қайырлы болған Қадір кешімен құттықтап, Құранды толық хатым еткен қариларға айрықша алғысын білдірді. Қадір түнінің артықшылығына тоқталып, жиналған көпшілікке насихат айтты.
«Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала күндердің сұлтаны етіп жұма күнін, айлардың сұлтаны етіп Рамазан айын, түндердің сұлтаны етіп Қадір түнін таңдады», – деген.
Бұл түнде жер бетіндегі ең қадірлі мекенде, періштелердің ең қадірлісі Жәбірейіл періште, Пайғамбарлардың ең қадірлісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын), қасиетті Құранды түсірген. Ендеше, кімде кім қадір түнін қадір тұтып, лайықты түрде құлшылықпен өткізер болса, ол адам да екі дүниеде қадірлілер қатарында болмақ» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ, Бас мүфти жамағатпен бірге Құран хатым дұғасын жасап, елдің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын тіледі.
