Skip to content

Шымкентте «Дін мен дәуір» фотокөрме апталығы ұйымдастырылды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалы баяндамасы аясында Шымкент қаласы Абай ауданындағы «Кенесары хан» мешітінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Дін мен дәуір» фотокөрме апталығы ұйымдастырылды.

Фотокөрменің негізгі мақсаты – қасиетті Рамазан айында мешітке келген жамағатқа Мүфтияттың тарихи мұрасын таныстырып, қазақ даласындағы діни басқармалардың қалыптасу кезеңдерін насихаттау.

Көрмеге қазақ даласындағы дін ісінің түрлі кезеңдерін қамтитын тарихи фотосуреттер қойылды. Атап айтқанда, Орынбор мұсылмандары діни басқармасы (1789–1868), Уфа діни басқармасы (1917–1920), Орталық мұсылмандар діни басқармасы (1920–1936), сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (1943–1990) кезеңдеріндегі тарихи деректер мен фотосуреттер ұсынылды. Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қазіргі кезеңдегі тыныс-тіршілігінен сыр шертетін фотоматериалдар да көпшілік назарына ұсынылды.

Фотокөрмеде Алаш кезеңіндегі алғашқы қазилар – Ғұмар Қараш (1917–1918) пен Мағди қажы Мақұлұлының (1923–1936) өмірі мен қызметіне қатысты деректер де қамтылды. Сондай-ақ Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кезеңінде Қазақстанда қази қызметін атқарған Әбдіғаппар Шамсутдинов (1943–1952), Сәдуақас қажы Ғылмани (1952–1972), Жақия қажы Бейсенбайұлы (1972–1979) және Рәтбек қажы Нысанбайұлының (1979–1990) фотосуреттері қойылды.

Бұдан бөлек, 1990 жылы дербес мүфтият болып құрылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы мүфтилері – Рәтбек қажы Нысанбайұлы (1990–2000), Әбсаттар қажы Дербісәлі (2000–2013), Ержан қажы Малғажыұлы (2013–2017), Серікбай қажы Ораз (2017–2020) және қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мүфтият қызметіне қатысты фотосуреттері көрермен назарына ұсынылды