
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Бағдарлы баяндамасы және «Рамазан анықтамалығы» аясында Шымкент қаласы өкілдігіне қарасты діни сараптама мамандары тарапынан қала аумағындағы діни кітап дүкендеріне тексеру жұмыстары ұйымдастырылды.
ҚМДБ Сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбековтың тапсырмасына сәйкес, қаладағы діни сауда орындары толық қамтылып, жат діни ағымдардың алдын алу мақсатында түсіндіру және ескерту шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы бойынша діни сараптама бөлімінің жауапты маманы Мұхамеджан Естеміров арнайы кітап дүкендерін аралап, кәсіпкерлерге діни сараптамадан өтпеген және талапқа сай емес әдебиеттерді сатпау жөнінде нақты ескертулер берді.
Сонымен қатар, қалаға қарасты 99 мешітте орналасқан «Ихсан ілімі» имандылық кітапхана бұрыштарын «Мүфтият» баспа өнімдерімен толықтыру және діни сараптамадан өткен әдебиеттермен қамтамасыз ету қажеттігі назарға алынды.
Бұдан бөлек, қала аумағындағы 21 намазхана мен 11 діни кітап дүкені тұрақты түрде сараланып, бақылауда ұсталып келеді.
