
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 35 мың отбасыға көмек көрсетуді мақсат еткен «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны бастау алды. Қайырымдылық шарасына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, игі іске қолдау білдірді.
«Алла Тағала Құранда: «Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндағандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана. Алла Тағала «Хаж» сүресінің 37-аятында: «…Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» ‒ деп, үнемі қайырымдылық жасайтын пенделеріне сүйінші хабар жеткізген.
Өздеріңізге белгілі, жыл басында жолдаған Бағдарлық баяндамамда тәуелсіздігімізге 35 жыл толуына орай еліміз бойынша ауқымды іс-шаралар өткізу қажеттігін атап өттім. Осы бастама аясында қасиетті Рамазан айында республика көлемінде тәуелсіздігіміздің 35 жылдығына орай «35 мың азық-түлік себетін тарату» қайырымдылық акциясын өткізіп отырмыз.
Бұл игі шара – егемен ел ретінде орныққан бірлігіміз бен ынтымағымыздың, бауырмалдық пен жанашырлықтың нақты көрінісі. Тәуелсіздік бізге тек еркіндік қана емес, үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал жауапкершіліктің өлшемі – елге қызмет ету. Біздің діни саладағы ұранымыз: Қожа Ахмет Ясауи бабамыз айтқандай, Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталады», — деді Бас мүфти.
Айта кетейік, қайырымдылық марафоны қасиетті Рамазан айының соңына дейін жалғасып, жалпы саны 35 мың отбасыға азық-түлік себеттерін жеткізу көзделген. Бүгінгі сауапты шараға еліміздің барлық өңіріндегі мешіт имамдары, «Зекет және қайырымдылық» қорының қызметкерлері мен еріктілері, дін жанашырлары мен демеуші азаматтар бір мезетте атсалысты.
