Skip to content

ҚМДБ-НЫҢ 2026-2028 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ӘЗІРЛЕНЕДІ

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2026 жылға арналған Бағдарлық баяндамасында мәлімдеді.

Бас мүфти елдегі цифрлық жаңғыру үдерісі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін ескере отырып, діни қызметті ақпараттық кеңістіктің талаптарына сай жетілдіру қажеттігін атап өтті.

«Өздеріңізге мәлім, жуырда Мемлекет басшысы қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Президентіміз жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңесте алдағы жылдар ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы керек екенін айрықша атап өтті. Аталған кеңесте Мемлекет басшысы: «Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Себебі біз жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдаланатын ел болуымыз қажет» деді.  

Қазір технология мен білімнің, ақпарат пен цифрлық мүмкіндіктердің заманы. Осы үдерістен қалыс қалу – уақыт талабына жауап бере алмау деген сөз.
 
Осынау үлкен жауапкершілікті сезініп, цифрландыру бағытында бірқатар ауқымды әрі жүйелі жобаларды жүзеге асырып келеміз. Мұның барлығы дін қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге, халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға және діни ақпараттың қолжетімді болуына оң әсер етуде. Алайда бүгінгі жеткен нәтижемен тоқтап қалуға болмайды. Алдағы кезеңде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін діни салада жүйелі әрі шариғат талаптарына сай кеңінен қолдану – ортақ міндетіміз.

Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026-2028 жылдарға арналған Цифрлық даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет деп санаймын. Бұл құжат мүфтияттың алдағы үш жылдағы цифрлық даму бағытын айқындап, нақты мақсат-міндеттерді, басым бағыттарды белгілейтін маңызды стратегиялық негіз болуға тиіс», – деді Бас мүфти.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *