
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «MUFTIYAT» баспасы есепті кезеңде діни-ағартушылық бағыттағы кешенді жұмыстарды жүзеге асырды. Жазғы діни сауат ашу курстарына арналған оқу құралдарын әзірлеу, мазмұнын жаңарту және қолжетімділігін арттыру басым бағыттардың бірі болды.
Бас мүфти хазіреттің тапсырмасына сәйкес «Имандылық әліппесі» кітабының екінші томы дайындалып, орыс тіліндегі «Азбука веры» нұсқасы жарық көрді. Сонымен қатар діни сауат ашу курстарына арналған «Ислам ғибадаты», «Иман негіздері», «Қажылық пәтуалары» секілді еңбектер, сондай-ақ «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында отбасы институтын нығайтуға бағытталған кітаптар оқырман қауымға ұсынылды.
Жалпы алғанда, есепті кезеңде «MUFTIYAT» баспасы тарапынан 37 атаудағы кітап пен баспа өнімі жарық көрді. Бұл еңбектер діни танымды арттыруға, рухани мұраны жаңғыртуға және қоғамның сұранысына сай сапалы мазмұн ұсынуға бағытталды. Аталған басылымдардың қатарында «Пәтуалар жинағы» (бес томдық), «Ғибадат тұтқасы. Мұхтасар әл-Қудури» II томы, «Ислам энциклопедиясы» II томы, «Хазіреті Әбу Бәкір Сыддық», «Құран інжулері», «Таухид – бір бүтін сенім», «Жұма уағызы» жинақтары, балалар мен жасөспірімдерге арналған танымдық еңбектер, сондай-ақ «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 35 жыл» тарихи жинағы бар.
Сонымен қатар «Рухани мұра» жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауи, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Кәрібоз Қаңтарұлы сынды көрнекті тұлғалардың еңбектері қайта басылып, ұлттық рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға жол ашылды.
Баспа өнімдері бүгінде еліміздің 20 өңірінде орналасқан 77 кітап дүкені арқылы таратылып, мешіт кітапханалары жаңа басылымдармен жүйелі түрде толықтырылуда. Бас мүфти хазіреттің қатысуымен өңірлерде кітаптардың таныстырылымы мен көрмелері ұйымдастырылып, Ақмола және Алматы облыстарының мешіттері алдында жұма күндері тұрақты түрде кітап жәрмеңкелері өткізілуде.
Кітап оқу мәдениетін дамыту және Мүфтият баспасының қызметін кеңінен таныту мақсатында 11 қараша күні «Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба» кітабы бойынша республикалық байқау өткізіліп, жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, ал өзге қатысушылар ынталандыру жүлделері мен алғыс хаттармен марапатталды.
