Skip to content

БАС МҮФТИ ҚМДБ ҰЖЫМЫН ДІНИ БАСҚАРМАНЫҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылған күніне орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы діни басқарманың орталық аппарат қызметкерлерін мерейлі күнмен арнайы құттықтап, атқарылып жатқан игі істерге ризашылығын білдірді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осыдан тура 36 жыл бұрын Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп, 1990 жылы дербес Діни басқарма болып құрылды. Содан бері Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы – мүфтият еліміздің рухани дамуына, халқымыздың игілігі мен бірлігіне сүбелі үлес қосып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарда сіздердің де үлестеріңіз мол.

Аллаға шүкір, Діни басқарма бүгінде халқымыздың діни санасын жаңғыртып, ата-бабамыздан мирас болған дәстүрлі Ислам құндылықтарын сақтау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан беделді рухани институтқа айналды. 36 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, мазмұны мен мағынасы терең, тағылымы мол кезең.

Осы уақыт аралығында елімізде мыңдаған мешіт бой көтеріп, діни білім беру жүйесі қалыптасты, имамдар даярлау ісі жолға қойылды. Халықтың діни сауатын арттыру, жат ағымдардан сақтандыру, жастар тәрбиесі, отбасы құндылықтарын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Алла Тағала осы бағыттағы жұмыстарымызға береке бергей. Отбасыларыңызға амандық, қасиетті саладағы жұмыстарыңызға мол сауаптар жазылғай. Әмин!»,- деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, 1990 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, ел ішіндегі діни қызметті жүйелеуге бағытталған маңызды тарихи кезең бастау алды. Содан бері мүфтият қоғамның рухани сұранысына жауап беріп, дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау, ұлттық дәстүр мен діни сабақтастықты сақтау жолында тұрақты түрде қызмет атқарып келеді.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *