Skip to content

ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП – 2025: «QAMQOR-SHARAPAT» ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ

ҚМДБ «QAMQOR-SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының ел аумағындағы мешіттер жанындағы елуден аса бөлімшесінде 200-ден астам маман қызмет атқаруда.

Орталық қызметтерінің халыққа қолайлылығы мен ашықтығының нәтижесінде жергілікті атқарушы билік өкілдері орталық қызметіне қолдау білдіріп, ел аумағындағы мұсылман зираттарының ішінен орталыққа 100 гектарға жуық жер-секторларын бөлді. Мұсылман зираттарында бірізді мәдениетпен жерлеу және зират салу үрдісі қалыптасып, орталықтың материалдық-техникалық базасы жүйеленді. Орталық мәйіт тасмалдайтын автокөліктеріне “Жаназа қызметі” деген бірыңғай үлгіде ақпараттық жазулар орналастырылды.

ҚМДБ-ның «Айтулы шаралар» жоспарына сәйкес «Өткенге құрмет – тіріге міндет» акциясы аясында орталықтың бастамасымен ел аумағындағы 3 000 гектардан астам мұсылман зираттары қоқыстан тазаланды. Сонымен қатар «Зират және зиярат мәдениеті» құжатына сай жерлеу және зират көтерудің үлгілері көрсетілген 800-ден астам мұсылман зиратына ақпараттық тақталар орнатылды.

Салттық қызметтерді заң аясында жүзеге асыру мақсатында орталық құзырлы мемлекеттік органдармен әріптестік орнатты. Қалалар мен аудан орталықтарында ашылатын бөлімшелерге арналған эскиздік жобалары әзірленді. «КазАэроСпейс» және «Жеті-Ата» компанияларымен «Зираттарды цифрландыру» жобасы аясында жасалған меморандум аясында облыс орталықтарындағы мұсылман зираттарын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде Jerley.kz ақпараттық сайты іске қосылды.

Орталықтың қызметіне жүгінушілерге тегін кеңес беру мақсатында «Колл-орталық» ашу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Зираттар мен жерлеу мақсатындағы объектілерге қойылатын санитариялық талаптар» қағидасына бекіту туралы бұйрығына, салттық қызмет көрсету бөлімшелері мен жеке тұрғын үйлерде атқарылатын діни рәсімдердің (марқұмды жуындыру, кебіндеу, жаназа намазын оқу) санитарлық талаптарын енгізу жөнінде ұсыныстар жолданды.

Қоғаммен байланыс және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Орталықтың Instagram желісінде (qamqor_sharapat), TikTok (qamqor_sharapat) парақшалары және janaza-qyzmet.kz ақпараттық сайты тұрақты жұмыс істейді. Орталықтың бөлімшелері 2GIS платформасына енгізілді. ҚМДБ-ның «MUNARA-TV» телеарнасындағы «Білу керек» тележобасы аясында ҚМДБ төрағасының орынбасарлары, найб мүфтилер мен сала мамандарының қатысуымен «Цифрланған зират пен салттық қызмет» және «Салттық қызметтердегі заманауи пәтуалар» тақырыптарында подкасттар түсіріліп, әлеуметтік желілер мен телеарналар арқылы кеңінен таратылды.

Орталықтың ақылы қызметтері үшін төлемдер QR-код арқылы орталықтың жеке есепшотына қабылданып, бюджетке міндетті салықтар уақтылы төленуде. Халық пен жергілікті билік үшін тиімділігі дәлелденген орталық қызметінің нәтижесінде бірнеше қала мен аудан әкімдіктері мұсылман зираттарын бірізді мәдениетпен тәртіпке келтіру бағытында орталықпен ынтымақтастық орнатты.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *