
Қонаев қаласында Алматы облысына қарасты мешіттердің жылдық қорытынды есеп жиналысы өтті. Жиынға облыс көлеміндегі 9 аудан мен 1 қаланың өкілдері қатысып, бір жылда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Жиналыста Алматы облысының Бас имамы Мадияр Тағайбайұлы аудан имамдары мен жауапты мамандардың баяндамаларын тыңдап, мешіттердің қызметін ҚМДБ бекіткен төрт негізгі бағыт бойынша саралады. Әр бағытқа жауапты мамандар атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.
Сондай-ақ аудан имамдары діни-ағартушылық, қайырымдылық, рухани және ұйымдастырушылық іс-шаралар жөнінде мәлімет беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын соңында облыс бас имамы шалғай аудандарда қызмет етіп жүрген дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында бірқатар имамдарға қаржылай марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Алатау қаласы, Ұйғыр және Райымбек аудандарының имамдарына, сондай-ақ облыстық наиб имам Ақжол имамға 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Сонымен қатар, Кеген ауданының бас имамы Әзім Сатыбалдыға және «Уақып» қорының жауапты маманы Нұртай Имамберлиевке умра қажылығы сыйға тартылды. Облыстық және қалалық әйел-қыздар секторының жауапты мамандарына да ақшалай марапаттар табысталды.
