
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы бойынша ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры «Ұшыр тарату» жобасы аясында Қызылорда және Жамбыл облыстарынан жиналған қайырымдылық көмегін қабылдады.
Жоба аясында жиналған азық-түлік өнімдері мен тұрмысқа қажетті заттар елордадағы бірқатар діни оқу орындарына жеткізілді. Атап айтқанда, көмек Астана медресе-колледжіне, Хусам ад-дин ас-Сығанақи ислам институтына және Астана қаласындағы әйелдер медресесіне таратылды.
Көмек шарасына ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысып, өңірлерден келген ұшыр көмегін оқу орындарының ұжымдарына табыстады.
Бұл игі бастама – ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлердің өз өнімдері арқылы медреселер мен шәкірттерді қолдауын, сондай-ақ қоғамда ұшыр мен зекеттің маңызын насихаттауды мақсат етеді.
