
ҚМДБ Жамбыл облыстық өкілдігі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген мүбәрак айына орай «Берекет сыры» атты рухани Мәуліт кешін ұйымдастырды.
Тараз қаласындағы орталық «Баласағұн» концерт залында өткен шара қасиетті Құран аяттарымен басталып, «Ғаламның рахым нұры» атты бейнероликпен жалғасты. Кештің шымылдығы жүрекке жеткен жырлармен, әсерлі арнаулармен, сахналық қойылымдармен түрленді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы құттықтау сөз сөйлеп, дін жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Ал ҚМДБ Пәтуа бөлімінің маманы, РАНТ мүшесі Медет Құрмашұлы Пайғамбарымыздың көркем мінезін үлгі етіп, насихат айтты.
Кеш барысында қазақ және араб тілдерінде салауат жыры әуелеп, дәстүрлі әндер мен термелер орындалды. Жас қари Жансерік Амангелдінің әсерлі жыры көпшілікті тәнті етті. «Әжелер алқасының» шашуы мен студенттердің қойылымдары мерекелік кештің ажарын аша түсті.
Жиналған жұртшылық бірлесіп салауат айтып, шара соңында «Мақтаулы Мұхаммед» кітабы мен естелік сыйлықтар үлестірілді. Көрермендер арасында арнайы ойындар өткізіліп, тұрмыстық техника мен басқа да сыйлықтар табыс етілді. Ал кештің басты сыйы – қасиетті Ұмра қажылығына жолдама болды.
