
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облысына барған сапарында Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті студенттерімен кездесіп, насихат айтты.
«Бүгінгі таңда жастар халықаралық аренада да елеулі және ықпалды күшке айналуда. Жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігі – қоғамдық дамудың маңызды қозғаушы күші. Сондықтан интеллектуал, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу – жалпыұлттық, мемлекеттік ауқымдағы міндет. Біздің елдегі тұрғындардың үштен бірі – жастар. Ал жас буын өкілдерін жат қылықтардан, бейәдеп іс-әрекеттерден және теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру – аса маңызды істің бірі. Өйткені қазіргі жаһандану үрдісіне орай жастардың көзқарасы, ойлау ерекшелігі, таным-түсінігі, мәдениеті де өзгеруде.
Ел болашағы саналатын жастармен жаңаша тәсілдер арқылы жұмыс істеу қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өскелең ұрпақ өкілдерімен жұмысты жандандыру мақсатында әр саланың білікті мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын «Жастар кеңесін» құрды. Бірнеше жылдан бері дін мен дәстүрімізді жастар арасында дәріптеп жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жастар ісі секторы әртүрлі форматтағы іс-шараларды белсенді жас буынның атсалысуымен атқарып келеді» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында Бас мүфти жастарды дініміз бен дәстүрімізге жат әрекеттерден сақ болуға шақырды.
Басқосу барысында ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен оқу ордасының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы медальмен марапатталды.
