
Жамбыл облысында ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығын сақтау мақсатында «Заң мен тәртіп – әділ қоғам» атты форум ұйымдастырылды.
Ауқымды жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, аудан имамдары, облыстық ішкі істер департаментінің, прокуратура мен жергілікті атқарушы орган өкілдері және ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Форум барысында Бас имам «Дін – ұстай алсаң қасиет, ұстай алмасаң қасірет» тақырыбында баяндама жасап, діннің қоғамдағы орны мен имамдардың бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ, «Арақсыз ауыл» бастамасының маңыздылығына тоқталып, бұл бағытта мешіт имамдары мен ауыл ақсақалдарының бірлескен жұмысы қажет екенін жеткізді.
Асқар Зәкіржанұлы қазіргі қоғамда рухани тәрбие мен заң үстемдігі қатар жүруі тиіс екенін тілге тиек етіп, әділдік пен тыныштық – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтты.
Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, заң мен дін үндестігі арқылы әділетті қоғам қалыптастыру жолдарын талқылады.