
Қасиетті жұма қарсаңында Алматы қаласы, Медеу ауданында жаңадан салынған «Әбу Ханифа» мешіті жамағат игілігіне пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан, Медеу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Әбдіраманұлы, ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі журналист Марал Тоқашбаев, сондай-ақ қала тұрғындары мен мешіт имамдары қатысты.
Шарада сөз алған қаланың бас имамы Төлеби қажы Оспан жиналған жамағатқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізіп, елді ынтымақ пен бірлікке үндеді. Сонымен қатар мешіттің бой көтеруіне демеушілік еткен кәсіпкер Самигуллин Рифатқа Бас мүфтидің Алғыс хатын табыстады.
1998 жылы салынған «Нұрлы» мешітінің орнына жамағат сұранысы мен мүфтият шешіміне сай Ислам ғұламасы, Ханафи мәзһабының негізін қалаушы Әбу Ханифа есімі берілді.
Айта кетейік, бұрынғы 2,5 сотық жерде орналасқан мешіттің жанынан жеке кәсіпкер Самигуллин Рифат Анварұлының демеушілігімен қосымша 11,7 сотық жер телімі сатып алынып, мешіт аумағы 14 сотыққа дейін кеңейтілді. Хайтек үлгісінде салынған жаңа мешітте үлкен намаз залы, әйелдерге арналған бөлме, дәретханалар, техникалық бөлмелер, неке қию залы мен Құран оқитын арнайы бөлме бар.
Салтанатты шарада Бас мүфти атынан мешітке Құран аяттары жазылған көркем картина мен «Muftyat» баспасынан шыққан діни кітаптар сыйға тартылды. Ал жамағат атынан кәсіпкерге сәйгүлік ат мінгізілді.
Шара соңында ақсақалдар мен жамағат жұма намазын оқып, ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.