
Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық «Исамиддин баба» мешітінде әйелдер жамағаты мен әйел-қыздар секторының шәкірттері бірігіп, мешіттің ұстазы әрі аудандық әйел-қыздар секторына жауапты Сыдық Гүлжан Қонарбайқызы ұстазға жолдасы екеуіне екі «Умра қажылық» сертификатын табыстау шарасын өткізді.
Шараға Шымкент қалалық орталық мешітінің наиб имамы, Еңбекші ауданы бойынша куратор Керімбек Ахметжан қажы Пірәліұлы және «Исамиддин баба» мешітінің наиб имамы Мамметов Кадыржан қажы Эргешұлы және әйелдер жамағаты мен әйел-қыздар секторының шәкірттері қатысты.
Сондай-ақ, бұл шарадан ешбір хабары жоқ ұстаз Гүлжан Қонарбайқызы да шақырылған.
Жүргізуші Сая Рахым жиынның кіріспесін айтып, алғашқы кезікті әрі сертификатты хабарлап, табыстау үшін сөзді имам Ахметжан қажы Пірәліұлы берді. Имам сөзінде, жиналған жамағатқа және сауапты шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ұстаз Гүлжан Қонарбайқызына «Умра қажылық» жолдамасын жариялап, жолдасы екеуіне екі сертификат табыстады. Бұл қауышты жаңалықтан хабары жоқ Гүлжан ұстаз үшін тосын сый болды. Естігеніне сене алмай, көңілі толқып, көзіне жас үйіріліп, еріксіз қуаныштың көз жасына ерік берді.
Сөз соңында, имам Ахметжан қажы Гүлжан ұстазға батасын беріп, сапарына сәттілік тілеп, зияраттар қабыл болсын деп дұға жасады.
Сонымен бірге, имам Қадыржан қажы және апалардан Тоқтиева Гулшарбан апа бата берді.
Шара соңында, сөз алған Гүлжан Қонарбайқызы ұстаз баршасына алғысын айтып, шынайы ризашылығын тебіреніп жеткізді.
ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі