
Орал қаласындағы «Ар-Рахман» мешітінде «Имани жаз – 2025» жазғы діни сауат ашу курсын аяқтаған 100-ге жуық оқушыға арнайы сертификат табысталды.
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сәйкес, еліміздегі мешіттерде жазғы демалыс кезінде мектеп оқушыларына арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып келеді. Бұл игі бастама оқушылардың жазғы уақытын тиімді өткізуге әрі діни білімін арттыруға бағытталған.
Курс барысында шәкірттер Құран әліппесін үйреніп, әдеп пен имандылыққа қатысты дәрістерге қатысты. Сонымен қатар түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен зияткерлік сайыстар да ұйымдастырылды. Биылғы курс 16-30 маусым аралығында өтті.
Курс қорытындысына орай өткен салтанатты шараға Орал қаласының бас имамы Самат Қанатқалиұлы қатысып, шәкірттерге діни білімнің маңыздылығы жөнінде насихат айтып, сәттілік тіледі.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Имани жаз – 2025» курсына жалпы 240 бала қатысты. Оның ішінде 160 ұл, 80 қыз бала діни тәлім-тәрбие алды.