
Алматы қаласындағы Әбу Ханифа медресе колледжінде түлектерге арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті.
Игі шара қасиетті Құран Кәріммен басталып, одан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны шырқалды. Медресе директоры Құлмұхаммед қажы Пірманұлы шәкірттерді құттықтап, оларға сәт-сапар тіледі.
Салтанатты жиында арнайы қонақ ретінде шақырылған Алматы Орталық мешітінің наиб имамы, Асан Әбдіқұлұлы Тілеубердиев шәкірттерге ақ батасын беріп, мешіттер мен діни саладағы қызметтің маңыздылығын атап өтті.
Биылғы жылы 29 шәкірт медресені табысты тәмамдап, соның ішінде 5 түлек қызыл диплом иегері атанды. Сонымен қатар 7 шәкірт оқу бағдарламасынан тыс 5 пен 11 пара аралығында Құран Кәрімді жаттап, оларға арнайы сертификаттар табысталды. 18 түлекке ҚМДБ Бас мүфтиінің бұйрығымен еліміздің түрлі өңірлерінде қызмет ету мүмкіндігі берілді. 11 түлек Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті мен Әл-Азһар университеттеріне үміткер ретінде қабылданды.
Шара барысында Мысыр елінен арнайы келіп, үш жыл бойы дәріс берген араб ұстаз Мұстафа Мухаммад Юсфу мырзаға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атынан Алғыс хат және медресе ұжымы атынан умра сапарына жолдама табысталды. Мұстафа ұстаз түлектерге бата беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Игі іс-шарада дін мен ғылымның қатар жүру маңыздылығы атап өтіліп, жүрекке жылы сөздер мен даналыққа толы өнегелі сәттер орын алды.