
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қостанай облысына барған сапарында Қарасу ауданыныдағы «Көшкінбай ата» мешітінде «Үйленудің сауапы мен әдебі (жар таңдау, текті сақтау)» тақырыбында уағыз айтты.
«Асыл дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған иләһи дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік игілілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – үйлену. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы үйлену яғни некелесу арқылы жалғасады. Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Сондай-ақ Алла өз болмыстарыңнан өздерің үшін жұбайлар жаратты. Сол жұбайларың арқылы сендерге бала-шаға, немере-шөбере сүйгізді және таза әрі пайдалы азықтарды ризық етіп берді…», – деген («Нахл» сүресі, 72-аят). Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады», – деді Бас мүфти.