
Абай облысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен «Имани жаз – 2025» жазғы діни сауат ашу курсы басталды. Игі бастама жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын пайдалы әрі рухани мазмұнда өткізуге бағытталған.
Курс Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітпен қатар, өңірдегі барлық аудан, ауыл мешіттерінде де өткізіліп жатыр. Шәкірттерге Құран әліппесі мен ҚМДБ әзірлеген «Имандылық әліппесі» кітабы негізінде сабақтар өтеді.
Сабақтарды мешіт ұстаздарымен бірге Нұр-Мүбәрак университеті мен медресе-колледждердің тәжірибеден өтіп жатқан студенттері жүргізуде.
Сонымен қатар балалар үшін түрлі ойындар ұйымдастырылып, күн сайын тәттілер мен жеміс-жидектер ұсынылуда. Бұл – мешітке деген сүйіспеншілік пен рухани естеліктерді бала жүрегіне сіңіруге бағытталған.