
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курсы басталды. Игі бастама жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді әрі рухани мазмұнда өткізуге бағытталған.
Ашылу салтанатына ҚМДБ Шығыс Қазақстан облысы бойынша бас имамы Думан Нәдірұлы қатысып, балалар мен ата-аналарды құттықтап, діни білімнің маңыздылығына тоқталды.
Курс барысында шәкірттерге Құран әліппесі, тәжуид, дұғалар мен әдеп сабақтары оқытылады. Сабақтарды тәжірибелі ұстаздар жүргізеді. Сонымен қатар, түрлі танымдық ойындар мен тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады.
Балаларға барлық жағдай жасалған: мешіт ішінде оқу сыныптары, тынығу алаңдары және мәдени шараларға арналған кеңістік қарастырылған. Ұлдар мен қыздар жеке топтарда білім алуда.
Айта кетейік, бұл курс Шығыс Қазақстанның барлық аудан, қалаларындағы мешіттерде қатар өтуде. «Имани жаз» бағдарламасы ҚМДБ-ның жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған кешенді жұмысының бір бөлігі саналады.