
Дінімізде әдептің орны өте үлкен. Сондықтан құлшылықтарды да өз әдебіне сай атқару керек. Осы әдептерді сақтаған кезде мұсылман Алла алдындағы жауапкершілігін сезініп, өзін рухани тұрғыдан кемелдендіреді. Осы орайда қажылықтың әдептеріне тоқталсақ.
Біріншіден, қажылықты Алланың разылығы үшін ықыласпен орындау керек. Рия, атақ, мақтанудан аулақ болған абзал. Себебі Алла Тағала ықыласпен орындалған құлшылықты ғана қабыл етеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында әрбір амал ниетке байланысты», –деген (Бұхари, Мүслим).
Екіншісі, шынайы тәубе ету. Істеген күнәсі үшін өкініп, оған қайта оралмауға бел буады. Қаза еткен ораза, намазын орындайды. Пенденің ақысына кірген болса, алған мүл-дүниесін иесіне қайтарып, олардың разылығын алады. Ғайбат айтқан болса, кешірім сұрайды.
Үшіншісі, біреудің аманаты болса оны иесіне тапсыру.
Төртіншісі, қарызынан құтылу. Борышкердің қарызын өтейтін қаражаты болмаса, онда оған қарыз берушінің рұқсатынсыз қажылыққа баруы мәкруһ саналады. Сондай-ақ оған кепіл болған адамның да рұқсатын алу керек. Егер қарызды ұзақ мерзімге алған болса, ол уақыттан бұрын қажылыққа шыға береді. Қарыз беруші оған тыйым сала алмайды.
Бесіншісі, қажылыққа барып келгенше бала-шағасы, ата-анасы секілді нәпақа беруге міндетті адамдарды қаражатпен қамтамасыз ету. «Әл-Мухит» кітабында былай делінген: «Егер әйелі, бала-шағасы, сондай-ақ нәпақа беруге міндеттелген адамдар оның қажылыққа баруын құптамаса, бірақ олардың құрдымға кетуіне ешқандай қауіп болмаса, қажылыққа шығуының оқасы жоқ».
Алтыншысы, қажылыққа баратын қаражаты адал кәсіптен болуы. Өсім, харам акциялардан тапқан, зұлымдықпен алынған қаражатпен қажылыққа барудан аулақ болу керек. Ондай қаражатпен қажылық парызы мойнынан түскенімен, мәбрур қажылық болмайды, қабыл болмауы да мүмкін. Яғни сауабы болмайды, алайда ақыретте қажылықты орындамады деген жазамен жазаланбайды.
Жетіншісі, сапарға салиқалы, жақсылыққа демеу болатын адаммен шығу. Өйткені салиқалы адам Алланы ұмытсаң, еске түсіреді, Алланың еске алсаң, көмектеседі. Бір нәрседен қорықсаң, жігерлендіреді. Әлсіреп қалсаң, аяққа тұруға көмектеседі. Қайғырып, мұңайсаң, сабырға шақырады. Сапарға шығып жатқанда жолдастарымен, көршілерімен қоштасып, олардан өзі үшін дұға етуді талап етеді. Сүннет бойынша қоштасып жатқанда: «Алладан саған дініңді сақтауды, аманатқа берік болуды және соңғы сәтің қайырлы болуды сұраймын», – деп дұға етеді (Термизи, Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапарға шығып жатқан адамға: «Алланың қорғауында, бақылауында бол (Алла жар болсын). Алла тақуалығыңды арттырсын, күнәларыңды кешірсін және қайда болсаң да жүзіңді жақсылық жаққа бағыттасын», – деп айтқан (Термизи).
Сегізінші, үйден шығарда екі рәкәғат намаз оқу. Бірінші рәкағатында «Фатиха» сүресінен кейін «Кафирунды», екінші рәкағатта «Ықыласты» оқиды («Ихия улуми әд-дин», 1/254). Намаз оқып болған соң екі қолын көтеріп, ықыласпен: «Уа, Алла! Сапардағы жолдасым Өзіңсің! Сондай-ақ отбасыммен, мал-дүниеммен, жолдастарыммен қалған да Өзіңсің. Бізді және оларды барлық апаттан, ауру-сырқаттан сақтағайсың. Уа, Алла! Біз Сенен осы сапарымызда ізгілікті, тақуалықты және Өзің разы болатын іс-әрекеттер жасауымызды сұраймыз. Уа, Алла! Біз Саған сапардың ауыртпашылықтары мен мұңлы көріністерінен, сондай-ақ отбасыма, мал-мүлкіме, бала-шағама қаралы қайтудан Өзіңе сыйынамын», – деп дұға етеді.
Тоғызыншы, үйдің есігінен шығып жатқанда былай деп дұға ету: «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алла Тағаланың күш-қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ. Уа, Раббым! Мен адасуымнан немесе адастырылуымнан, қорлаудан немесе қорлануымнан, өзімнің қателесуімнен не қателікке ұшыратылуымнан, зұлымдық жасауымнан немесе маған зұлымдық жасалуынан және надандықта болуымнан немесе маған надандық жасалуынан Өзіңе сыйынамын. Уа, Алла! Мен тәкаппарлану, даңдайсыну, біреулер көрсін не естісін деген мақсатпен шыққаным жоқ. Бәлки қаһарыңнан сақтану, разылығыңды табу, парыз еткендеріңді орындау және Пайғамбарыңның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне ілесу ниетімен шықтым» (Термизи, Әбу Дәуіт, Ибн Мәжа, Ахмад). Үйден шықпас бұрын садақа берген жақсырақ.
Оныншы, көлікке мінгенде «Зухруф» сүресінің 13-14 аяттарын оқу: «Мұны бізге бағындырған (Алла) Пәк! (Олай болмағанда), біз оған жақындай алмаушы едік. Әрі, расында, біз (өлген соң), сөзсіз, Раббымызға қайтамыз!» (Мұхаммад Жамалуддин әл-Қасими, «Мәуғизату әл-муминин мин ихия улумид-дин», 116-117).
Он бірінші, жолда, биікке көтерілгенде, төмен түскенде зікір, тәһлил, тәсбихты жиі айту және дәретпен жүру.
Он екінші, жаман сөз, бұзақы іс және жанжалдан аулақ болу. Бұл – үйінен шығып қажылық амалдарын тәмамдағанша маңызды істердің бірі. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Кім сол айларда қажылықты (ихрам байланып) міндеттенсе, онда қажылықта (жұбайымен) жақындасу, пасықтықтар (күнәлар), дау-дамайлар (жасауға) болмайды» («Бақара» сүресі, 197-аят).
Он үшінші, қаражатты жолда әлсіздерге, кедейлерге көмектесетіндей көбірек алу және ысырапсыз әрі қатты үнемдемей жұмсау. Өйткені «ысырапта жақсылық жоқ, жақсылықта ысырап жоқ» делінген. Қажылыққа баратын жолға қаражат шығару Алла жолында жұмсаған болады. Бір дирһамға жеті жүз дирһамның есесі жазылады. Ибн Омар: «Қажылардың абзалы ниеті – халыс, нәпақасы – халал, сенімі мықты болғаны», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мәбрур қажылықтың сыйы – тек жәннат», – деген болатын. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі! Қажылықта жасалатын ізгілік қайсы?» – деп сұрайды. Ол: «Жақсы сөз, мұқтажды тамақтандыру», – деп жауап береді (Хаким).
Он төртінші, қажылыққа барар алдында білімді, дана адамдармен, бұрын қажылыққа барған адамдармен ақылдасып, кеңес алуы керек («Любәбу әл-мәнәсик уә убәбу әл-мәсәлик», 49-56).
Он бесінші, қажылықтан келген адамға дұға жасау. Ибн Омардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір бала Пайғамбарымызға келіп: «Мен осы жылы қажылыққа баруға ниет етіп отырмын», – дейді. Алла елшісі онымен бірге жүріп оған: «Уа, балақай! Алла сенің тақуалығыңды арттырсын, жүзіңді жақсылыққа бағыттасын және қайғыңды сеілтсін», – деп дұға етеді. Бала қажылықтан қайтып келіп, Пайғамбарымызға сәлем береді. Сонда ол: «Уа, балақай! Алла қажылығыңды қабыл етсін! Күнәңді кешірсін, жұмсаған қаражатыңның есесін толтырсын», – дейді» (Ибн Сунни, «Әмәлу әл-яуми уә ләйлә», 316). Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Уа, Алла! Қажыларды және олардың жарылқап жатқандарын кешірім ет» (Нәуауи).
Алла Тағала қажылық сапарына аттанғалы отырған барша ағайынның қажылығын қабыл, құлшылығын жеңіл етсін!
Бауыржан ӘБДУӘЛІ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы
«Мұнара» газеті, №10, 2025 жыл