Рамазан – мейірім мен берекенің, кешірім мен қайырымдылықтың айы. Халқымыз “Оразаның сәні – ауызашар” деп бекер айтпаған. Себебі ауызашар – жүректерді жақындастырып, бауырмалдықты арттыратын ерекше дастархан.
Осы орайда Шымкент қаласы Еңбекші ауданы “Исамиддин баба” мешітінің әйелдер жамағаты мен “Sakina” қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен қала деңгейінде рухани ауызашар кеші өтті. Кешке 150 қыз-келіншек қатысып, Рамазан айының тағылымды насихатын тыңдады.
Кеш барысында Шымкент қаласы медресе-колледжінің ұстазы Зоя қари “Құранмен емделген жүрек” тақырыбында уағыз айтып, Құранның адам жүрегін тазартатын рухани шипа екенін түсіндірді.
Сондай-ақ Шымкент қаласы әйел-қыздар секторының жетекшісі Балжан ұстаз “Қадір түні: әйелдің ғибадаты” тақырыбында насихат айтып, қасиетті түнді пайдалы өткізу жолдарына тоқталды.
Кешті ұйымдастыруға ұйытқы болған Сыдықова Гүлжан ұстазға жамағат атынан алғыс білдіреміз. Осындай рухани басқосулар жамағаттың бірлігін нығайтып, жүректерге иман нұрын себері анық.







